ШұғылCOVID-19: Қазақстанда 14 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

Түркияда алғаш рет коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркелді

Вирус жұқтырған адам жақында Еуропадан келген

Түркияда коронавирустың жаңа түрін жұқтыру оқиғасы алғаш рет тіркелді. Бұл туралы Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа мәлімдеді, деп хабарлады NTV телеарнасы.    

Вирус жұқтырған адамның Түркия азаматы екенін, оның жақында ғана Еуропадан келгені белгілі болды. Қазіргі уақытта карантинге жабылған науқастың жағдайы тұрақты екені хабарланды.

Еске салсақ, коронавирус алғаш рет 2019 жылдың желтоқсан айының соңына қарай Қытайдың Ухань қаласында тарала бастаған еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) оны індет ретінде танып, халықаралық ауқымдағы төтенше оқиға деп жариялаған болатын.

Бүгінде вирусты өте көп жұқтырған елдер қатарына Қытайдан өзге, Италия, Оңтүстік Корея және Иран кіріп отыр. Қытайда бұл аурудан 3,1 мың адам көз жұмса, 59,9 мың адам сауығып кеткен, ал 80,7 мың адам ауру жұқтырған.

ДДСҰ мәліметінше, жалпы әлемде 110 мың адам коронавирустың жаңа түрін жұқтырып үлгерген, 4 мыңнан астам адам о дүниелік болды.