Түркістанда тал түсте бөтеннің үйінен 2 млн теңге ұрлаған қарақшы ұсталды
Күдікті құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне кінәсін мойындаған

Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғынының үйіне қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен Қызылорда облысының тұрғынын қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Белгілі болғандай, оқиға наурыз айында болған. Келес аудандық полиция бөліміне келген жергілікті тұрғын түсте үйіне белгісіз біреу кіріп, әйеліне физикалық күш көрсетіп, аяқ-қолын байлап, жатын бөлмесінен 2 млн теңге ұрлады деп арыз түсірген.
«Аталған факті ҚР ҚК-нің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша тіркеді. Шұғыл-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полицейлер бұрын бірнеше рет сотталған Қызылорда облысының тұрғынын, күдіктіні ұстады. Ол әрекетін толық мойындады. Одан әрі іздестіру кезінде күдіктінің сыбайласы, Келес ауданының тұрғынын да анықтады», - деп хабарлады бұл іске қатысты Polisia сайты.
Қазір қарақшылық шабуыл дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілер қамауға алынған.