«Қайта өмір сүруге мүмкіндік берді». Bek Air апатынан зардап шеккен ең соңғы науқас ауруханадан шықты
Дәрігерлер жас жігіттің ерекше шыдамдылығына тәнті
Bek Air ұшағы апатынан зардап шеккен ең соңғы жолаушы №4 қалалық клиникалық ауруханадан шығарылды,-деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Дәулетті клиникаға 2019 жылы 27 желтоқсанда жедел жәрдем бригадасы жеткізген. Ол стационарда 70 тәулік жатты.Науқасқа 8 хирургиялық операция жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, жас жігіттің қазіргі жағдайы қанағаттанарлық.
Сырқат 2 ай төсекке таңылып ұзақ емделді. Себебі аяқ-қолының қимылын қалпына келтіру травматологтарға оңайға соқпаған.
«Қазір науқас қозғала алады. Бірақ Илизаров аппараты шамамен 7-8 ай тұрады. Бұл жерде Дәулеттің ерекше шыдамдылығы мен күш-жүгерін атап өткім келеді. Оның төзімділігі хирургтерге күрделі операциялар жасауға көмектесті. Бұл пацинеттер арасында сирек кездесетін қасиет»,- дейді Дәулетті емдеген травмотолог дәрігер Константин Латко.
Ал үш айға жуық төсекке таңылып,бір ажалдан аман қалған жігіт ақ халаттыларға алғысын білдірді.
"Дәрігерлерге алғысымды сөзбен жеткізу қиын. Олар менің ең жақын адамдарыма айналды. Бұл адамдар мені аяқа тік тұрғызып, қайта өмір сүруге мүмкіндік берді. Мен хирургтар осындай ғажайыптар жасауға қабілетті екенін ойлмаппын. Барлығына көп рахмет!", - деді ерекше толқыған Дәулет.
Еске сала кетсек, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырады. Қайғылы оқиғадан 12 адам қаза болып, 49 адам ауруханаға жеткізілген болатын.