Астанада күйеуінің бұрынғы әйелін пышақтап өлтірген әйелге сот үкімі шықты

Azattyq Rýhy

Шешім заңды күшіне енген жоқ

Астанада күйеуінің бұрынғы әйелін пышақтап өлтірген әйелге сот үкімі шықты
Фото ашық дереккөзден

Бүгін елордадағы Алматы ауданының №2 аудандық соты Қылмыстық кодекстің «Абайсызда кісі өлтіру» бабы бойынша айыпталған астаналық келіншекке қатысты істі қарады, деп хабарайды Azattyq Rýhy.

Астана сотынан мәлім еткендей, психикалық күйзеліс жағдайында болған айыпталушы жанжал кезінде күйеуінің көңілдесіне пышақ салған.

«Жәбірленуші М. айыпталушы Р.-ның күйеуімен некеге дейін қарым-қатынаста болған және олардың ортақ бір баласы бар. Айыпталушы Р.-ның күйеуі ресми некеге тұрғаннан кейін де жәбірленуші М.-мен қарым-қатынасын үзбеген. Кейін жәбірленуші М. кезекті рет айыпталушының үйінің ауласына келген уақытта, ол жұбайымен бірге сыртқа шығып, оның арты жанжалға ұласқан. Сол сәтте айыпталушы Р. жәбірленуші М.-ның тарапынан жиі жасалған қорқыту, қорлау салдарынан туындаған күйзеліс (аффект) жағдайында оған пышақ сұққан. Салдарынан жәбірленуші ауруханада көз жұмды», - делінген хабарламада.

Тараптар татуласу туралы медиативті келісімге келген. Оған сәйкес, зардап шеккен тарап моральдық және материалдық шығынды өтеу бойынша шағым білдірмейді.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған. Сондай-ақ куәгерлердің айғағы, оқиға орнынан түсірілген бейнежазба, сараптамалар дәлел ретінде тіркелді.

Сот кінәні жеңілдететін мән-жай ретінде келіншектің бір жасар баласының болуын және кінәсін толық мойындағанын ескерді.

Нәтижесінде сот айыпталушы Р.-ға пробациялық бақылау тағайындай отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу үкімін шығарды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.