Жетісу облысында мас жүргізушінің кесірінен бір адам қаза тапты
Қайғылы оқиға 4 сәуірде Панфилов ауданында болған
Жетісу облысында мас жүргізушінің кесірінен жол апатынан бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 4 сәуірде Панфилов ауданында болған.
«Mitsubishi Galant автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі Пенжім – Ынтымақ автожолында рөлді басқара алмай, жол бойындағы бетон қоршауына соғылған. Ауруханаға жеткізілген кезде көліктегі 37 жастағы жолаушы қайтыс болып кетті. Автокөлік жүргізушісі жеңіл жарақат алып, медициналық тексеруден кейін амбулаториялық емделуге жіберілді», - делінген хабарламада.
Анықталғандай, жүргізуші автокөлікті мас күйінде басқарған, аталған дерек медициналық куәландырумен расталады.
Қазіргі кезде осы іс бойынша тергеу амалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 3-бөлігіне сәйкес жүргізіліп жатыр.
«ЖКО-на кінәлі адамды қамауға алу мәселесі қарастырылып жатыр», - деді полиция өкілдері.