Жамбыл облысында 1 млн теңгенің мүлкін тонаған күдіктілер ұсталды
Полиция азаматтарға үйлерді қараусыз қалдырмауға кеңес береді

Полиция қызметкерлері құны 1,2 миллион теңге болатын мүлікті тонаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Полиция бөліміне Тараз қаласының 67 жастағы тұрғынынан Жамбыл ауданы Бектөбе ауылындағы Жаңа Жамбыл саяжай алабындағы ірі ұрлық туралы хабарлама келіп түсті. Белгісіз біреулер пластикалық терезені бұзып, оның үйіне кіріп, мүлік пен құрылыс заттарын ұрлап кеткен. Зардап шегушінің жалпы шығыны 1,2 млн теңгені құрады», - деп жазылған хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 25-33 жастағы төрт ер адамды ұстады. Күдіктілер өз кінәсін толық мойындады.
«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 2, 3-тармақтары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция азаматтарға өз мүлкін жүйелі түрде қорғау қажеттігі туралы ескертеді. Сонымен қатар үйлерді қараусыз қалдырмауға, қырағылық пен сақтық шараларын ұстануға кеңес береді», - дейді полиция өкілдері.