$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.02.2020, 02:55
Оқиғалар

Шымкентте 52 жастағы әйел ұмыт қалдырған телефонына бола пойызды тоқтатқан

Жолаушылар пойызын тоқтатқан әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Шымкентте 52 жастағы әйел ұмыт қалдырған телефонына бола пойызды тоқтатқан

Көлік полициясы Алматы – Ташкент бағытындағы жолаушылар пойызын өз бетінше тоқтатқан 52 жастағы әйелді әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Жыл басынан бері теміржол төсемдерінің белгіленбеген орындарынан өткені үшін 283 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Көліктегі полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Байкенов.

Оның айтуынша, соңғы апта ішінде пойызды шұғыл тежеуге қатысты 38 факт, оның ішінде теміржол үстіне малдың шығып кетуіне қатысты 21 факт тіркелген. Ал рельстен арлы-берлі жүргіншілер өткендіктен 14 рет тоқтауға мәжбүр болған. Сондай-ақ, тоқтату-кранын жұлуға қатысты 2 факт тіркелген.

Биылғы 27 ақпанда Шымкент станциясындағы желілік полиция бөліміне Алматы – Ташкент бағытындағы жолаушылар пойызы Шымкент станциясынан шыққан сәтте тоқтату-кранының жұлынғаны туралы хабарлама түскен. Тез арада жеткен көлік полицейлері оқиғаны тексеру барысында Алматы қаласының 52 жастағы тұрғынын анықтады. Әйелдің айтуынша, пойыздан түскен кезде ұялы телефонын купеде қалдырып кеткенін байқапты. Сондықтан купеге қайта оралып, телефонын алып вагоннан шықпақшы болғанда пойыз жүріп кеткен екен. Ол вагоннан түсу үшін амалсыздан тоқтату-кранын жұлып алыпты. Пойыздың жоспарсыз аялдауы төрт минут уақытты алған.  

«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 560-бабы 1-бөлігі, яғни жүк пойыздарында заңсыз жүрiп-тұру, пойыз жүрiп бара жатқанда отырғызу және түсiру, вагондардың тепкiшектерi мен төбесiнде жүрiп-тұру, пойызды заңсыз тоқтату бойынша әйелге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салынды», – деді  Жасұлан Байкенов.  

Дәл сол күні осыған ұқсас жағдай Ақтөбе станциясында да болған. Мәскеу – Ташкент бағытындағы жолаушылар пойызы Ақтөбе станциясынан қозғалған кезде тежегіш кранын пойыз вагондарының бір жолсерігі жұлған. Жолсерік жолаушыны шығарып салушылар вагоннан шығып үлгермегендіктен, тежегіш кранын жұлғанын айтқан. Жолсерікке қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, оған 5 АЕК көлемінде айыппұл тағайындалды.  

Көлік полициясы азаматтарға өте мұқият болуды және жол жүру барысында барлық тасымалдау ережелерін сақтауды ескертеді. Тоқтату-кранының жұлынуы салдарынан қозғалыс кестесі бұзылса, күрт тежеу салдарынан жолаушылар жарақат алуы мүмкін.
 

Серіктес жаңалықтары