Қарағанды облысында баспананы заңсыз үлестірген 28 тұлға жауапқа тартылды
Прокурорлар баспана бөлудегі біраз былықтың бетін ашты
Қарағанды облысында 1200 адам үй кезегіне заңсыз тұрған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.
Тексеріс барысында прокурорлар баспана бөлудегі біраз былықтың бетін ашты. Айталық, 110 отбасына жалдамалы пәтер ешқандай келісімшартсыз берілген. Сөйтіп қадағалаушы орган 18 миллион теңгені қазынаға қайтарып, заңсыз берілген 4 пәтерді коммуналдық меншікке өткізді. Мұның сыртында кезекте тұрған 94 адаммен жалдамалы үйге келісімшарт жасалып, 5 жетім бала баспаналы болды. Ал мың адам үй кезегінен шығарылды.
«Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық кодекстің 189 және 190-баптары бойынша жүргізіліп жатыр. Прокурорлардың актері бойынша 28 лауазымды тұлға, оның ішінде 12 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар облыс прокуратурасының бастамасы бойынша тұрғын үй кезегін қою туралы өтініштерді қабылдау барысын электронды порталдың көмегімен цифрландыру сұрағы қарастырылуда», - деді облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Нұрсұлтан Қалдырбай.