Семейде алтын бұйымдарды ұрлап сатып жүрген ломбард қызметкері ұсталды
Полицияға 4 млн теңгенің алтын бұйымы жоғалып кеткені туралы арыз түскен
Семейде ломбард қызметкері алтын бұйымдарды басқа ломбардқа салу үшін ұрлап отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Әуезов полиция бөліміне ломбард директоры келіп, түгендеу кезінде 4 миллион теңге көлеміндегі алтын бұйымдардың жетіспегенін хабарлайды.
Әуезов полиция бөлімшесінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында алтын бұйымдарды ломбард қызметкерінің бірі ұрлап кеткенін анықтады.
Белгілі болғандай, зергерлік дүкенде жұмыс істеген 5 ай ішінде 21 жастағы ломбард бағалаушысы ломбардтың алтын бұйымдарын рұқсатсыз алып, басқа ломбардқа өзінің құрбысының атынан тапсырып отырған.
Аталған факт Қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.