$ 537.63  622.52  6.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.01.2023, 11:11
Оқиғалар

Дубайға жұмыс іздеуге кеткен қазақстандықтар із-түзсіз жоғалып кетті

Отандастарымыздың ата-анасы ҚР СІМ және ІІМ-ге арыз жазған

Жұмыс іздеп, Дубайға кеткен Исламбек Қазыбеков пен Жарас Сейіткәрімнен жақындары екі аптадан бері хабар ала алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Отандастарымыз Жаңа жылдың алдында белгісіз адамдардың айтуымен Таиландқа ауысқанын айтқан. Кейіннен Таиланд, Лаос, Мьянма елдерімен шектесетін «Золотой треугольник» деген жерде алданып қалғанын жеткізген. Содан бері хабар ошар жоқ. Ата-аналары жанын шүберекке түйіп отыр.

Исламбек Қазыбеков – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тумасы. Шығыстанушы мамандығын бітіре сала, шет елдерді аралап, көп тіл білуге құлшынды. Былтыр 8 қыркүйекте 25 жастағы жігіт Дубайға демалуға кетіп, артынша сонда қытайлық компанияға жұмысқа орналасып, тұрақтап қалған. Отбасына апта сайын хабар жеткізетін ол соңғы рет қызы мен достарына 27 желтоқсанда хабарласып, түсініксіз жәйттарды ескертіп үлгеріпті.

«Соны жіберген кезде мен геолокацияны көріп қалдым. Онда Мьянма аралы деп тұрды. Мен содан күдіктендім. Ол тіпті Тайландқа кеткен күнде де, Мьянмада не істеп жүр? Телефоны неге өшіп қалады? Негізі тірі деп ойлаймын. Оларға компания ақша төлемей қойды ма деп тұрмын. Оларды күштеп қамап ұстап отыр немесе интернет жоқ жерге апарған», - дейді И. Қазыбековтің анасы Мереке Қазыбекова.

Исламбекпен Тайландтың астанасына 23 жастағы Жарас Сейіткәрім де жеткен. Ол да қыркүйекте Дубайға нәпақа табу мақсатында кеткен.

«Біз Дубайда екен деп ойлап жүрдік. Жұмыс болмай жатыр деп ақша салмады. 28 желтоқсанда сағат 16.00 шамасында сөйлестім. «Бәрі дұрыс, 1-2 күнде қайтамын, әуежайға барғанда ақша салып жібересіздер» деді. Содан байланыс болмады. Әлдебір аралда тұрған орнын жіберді. Оны білмейміз», - дейді Ж. Сейіткәрімнің әкесі Талғатбек Шәріпов.

«Менің балам Исламбек видеосын салып үлгерген. «Біз Бангкоктан өтіп бара жатырмыз. Бірақ бұл жер маған ұнап тұрған жоқ. Өйткені біздің айлығымызды бермей жатыр. Бізді алдап алып келді», деді. Ең соңғы хабарласқанда білгеніміз, балалардың паспортын алып қойған. Мен күндіз де, түнде де ұйықтаған жоқпын. Өйткені бұған біреулердің қатысы бар деп ойлаймын», - дейді Роза Әділбекова Ж. Сейіткәрімнің анасы.

Исламбек пен Жарастың ата-анасы құзырлы органдарға, оның ішінде еліміздің Сыртқы және Ішкі Істер министрлігіне балаларының жоғалғаны жөнінде өтініш жазған. Оларға көмектесіміз депті.  

Серіктес жаңалықтары