Алматы тауларында жоғалып кеткен әйел шатқалдан табылды
Құтқарушылар қолайсыз ауа райында қауіпті демалыс орындарына бармауды ескертеді
Алматы тауларында жоғалып кеткен әйел Алмаарасан маңынан табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР ТЖМ «РЖҚЖ» ММ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 қаңтарда таудың жоғарғы тұсындағы «Терра» алаңына жалғыз өзі шыққан турист әйел жоғалып кеткен.
«Жаяу серуендеуді аяқтағаннан кейін 1983 жылғы әйел көлігіне бармақ болып, төмен түсе бастаған сәтте телефоны мен бақылау таяқшаларын жоғалтып алады. Сол сәтте біршама қар көшкіні жүріп, әйелді құлатып, «Проходная» өзеніне қарай алып кетеді. 9 қаңтарда сағат 17.00 шамасында ҚР ТЖМ «РЖҚЖ» ММ кезекші бөліміне Алмаарасан шатқалында жоғалған әйел туралы шақыру келіп түскен», - делінген хабарламада.
Әйелді іздеуге жеке құрамның 11 құтқарушысы, оның ішінде 1 кинологиялық есептоптан тұратын жедел топ екі көлікпен шығады.
«РЖҚЖ қызметкерлері туристі түні бойы жартасты және қарлы таулардан іздеді. РЖҚЖ-дан басқа, бірнеше еріктілер ұйымы, соның ішінде «Доброспас» және «Лидер», сондай-ақ «Құтқару қызметі» қатысты. Іздеу жұмыстары түні бойы жалғасты. Түнгі сағат 4-ке таяу зардап шеккен турист табылды және барлық іздеу топтары берілген координаттарға қарай жылжыды. РЖҚЖ құтқарушылары барлық қажетті көмек көрсетіп, туристі Проходное шатқалына жеткізіп, артынша дәрігерлер бригадасына тапсырды», - делінген хабарламада.
Құтқарушылар қолайсыз ауа райында қауіпті демалыс орындарына бармауды ескертеді.
«Табиғатқа шықпас бұрын өз мүмкіндігіңізді есептеп, ауа райы жағдайымен танысып, төтенше жағдайда өзіңізді қажетті заттармен қамтамасыз ету қажет. Өзіңізбен бірге су өткізбейтін пакетте пауэрбанк, сіріңке болуы керек. Сондай-ақ баратын жеріңіз туралы туыстарыңызға хабарлауды ұмытпаңыз», - делінген хабарламада.