$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.01.2023, 14:58
Оқиғалар

СҚО-да демалыс күндері болған жол-көлік апатынан 2 адам қаза тапты

Өткен жылдың 12 айында өңірде 382 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 48 адам қаза тапты

СҚО-да демалыс күндері болған жол-көлік апатынан 2 адам қаза тапты
Фото: polisia.kz

СҚО-да демалыс күндері үш жол-көлік оқиғасы тіркелді. Зардап шеккендер бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өткен демалыс күндері Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында 3 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан екі адам қаза тауып, 11 адам түрлі жарақаттар алды. 7 қаңтарда Мамлютка қаласының маңында Мамлютка – Қостанай автожолында Nissan Murano, Audi A6 және Toyota Avensis автокөліктері соқтығысты. Оқиға салдарынан Toyota Avensis автокөлігінің 36 жастағы жүргізушісі мен оның 17 жастағы жолаушысы қайтыс болды.

Жол-көлік оқиғасының тағы сегіз қатысушысы, яғни Audi A6 және Toyota Avensis автокөліктерінің жүргізушілері мен жолаушылары, олардың арасындағы 8 жастағы бала медициналық көмек көрсету үшін түрлі жарақаттармен медициналық мекемелерге жеткізілді», - делінген хабарламада.

Жол-көлік оқиғасы фактісі ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Полицейлер қажетті сараптамаларды тағайындау және түпкілікті процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдар жинап жатыр.

Сондай-ақ 8 қаңтарда сағат 15.00 шамасында Астана – Петропавл автожолының 427-шақырымында Аққайың ауданынындағы Аралағаш ауылының маңында Volkswagen Golf пен Mercedes-Benz автокөліктері соқтығысты. Жол апаты салдарынан екі адам зардап шекті: Mercedes-Benz автокөлігінің 30 жастағы әйел жүргізушісі мен оның 34 жастағы жолаушысы түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді.

Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігі (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) бойынша материал жиналды.

«Дәл осы күні сағат 15:30-да аталған жолдың осы 427-ші шақырымында үш автокөлік – Toyota, Volkswagen және Kia соқтығысты.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан Kia көлігінің 1962 жылы туған екі жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жатқазылды. Бұдан бөлек, аталған көліктің 26 жастағы әйел жүргізушісі, Toyota көлігінің 27 жастағы жүргізушісі мен жолаушысы медициналық көмек алу үшін аудандық ауруханаға жүгінді», - делінген хабарламада.

Медициналық куәландыруға сәйкес – барлық жүргізушілер мас емес. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды. Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның шеңберінде полиция қызметкерлері қажетті сараптамалар тағайындау және түпкілікті процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдар жинап жатыр.

2022 жылдың 12 айында СҚО жолдарында 382 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 48 адам қаза тапты, 531 адам жарақаттар алды. Полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауды, синоптиктердің болжамдары мен құтқарушылардың хабарламаларын бақылап отыруды сұрайды.

Серіктес жаңалықтары