Атырауда газдан уланған 4 бала мен ересек адам ауруханаға жеткізілді
Оқиға 9 қаңтарда қаладағы тұрғын үйлердің бірінде болған

Атырау облысында 5 адам табиғи газдан уланып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық ТЖД қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, оқиға 9 қаңтарда қаладағы тұрғын үйлердің бірінде болған.
«Сағат 07:30-да жедел-жәрдем қызметінен тұрғындардың табиғи газдан улануы бойынша хабарлама келіп түсті. Атырау облысы ТЖД қызметкерлері оқиға орнына жеткен кезде 5 адамның, атап айтқанда 1980 жылы туған үй иесі және оның 2013, 2014, 2016, 2019 жылы туған балаларының ас бөлмесінде орналасқан газ плитасынан газ шығуы салдарынан табиғи газдан уланып, жедел-жәрдем қызметімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілгенін анықтады», - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда балалардың жағдайы бір қалыпты, олар үйлеріне жіберілді.
Қазіргі уақытта уланудың себебі анықталып жатыр.
ТЖД өкілдері қала тұрғындарын тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады және тұрмыстық заттарды, электр құрылғыларын қосулы қалдырмауды сұрайды.