Қазақстанда ауа райының нашарлауына байланысты 109 жол учаскесі жабылды
Бір тәулікте 695 адам құтқарылды
Қазақстанда ауа райының нашарлауына байланысты (бұрқасын, жолдың дұрыс көрінбеуі, көктайғақ) 109 жол учаскесі жабылды, оның 41-ы республикалық, 69-ы облыстық маңызы бар жолдар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі хабарлағандай, еліміз бойынша қарлы боран соғып, жолдың нашар көрінуіне және көктайғақ болуына байланысты республикалық штаб құрылды, осындай штабтар өңірлерде де жұмыс істейді.
Блок-бекеттерде 600 бірлік автокөлік жиналып қалған.
«Бір тәулікте құтқару бөлімшелері 695 адамды құтқарды және эвакуациялады, оның ішінде 137 бала (Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Қарағанды және Абай), 146 бірлік техника қар құрсауынан шығарылды. Тұрғындарды эвакуациялау үшін тас жолдардың жабық учаскелерінде 846 уақытша жылыту пункттері дайындалды, сондай-ақ 99 бірлік техника (Вахтовка және Кунг) дайын тұр», - делінген ТЖМ хабарламасында.
Уақытша жылыту пункттеріне 171 адам, оның 4 бала (Жамбыл облысы, Абай облысы, Ақмола, Қостанай, Павлодар) орналастырылды.
Халықты ескерту мақсатында ауа райының нашарлауы туралы 232 СМС-хабарлама жіберілді, сондай-ақ «Дармен» мобильдік қосымшасы арқылы 94 хабарлама жіберілді.
«Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 1000-нан аса адам және 600-ге жуық ТЖМ, ЖАО және ІІМ техникасы жұмылдырылды. Жол қызметтері жолды тазарту жұмыстарын жалғастырып жатыр», - делінген хабарламада.