Әскери бөлімнен қару ұрлаған сарбаздың сыбайластары ұсталды
Тінту барысында олар ұрлаған қару-жарақ тәркіленді
Түркістан облысында 30 әскери атыс қаруын ұрлап қашқан сарбаздың сыбайластары ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
20 ақпанға қараған түні Шымкент қаласына жақын маңдағы әскери бөлімде келісімшарт бойынша әскери қызметші болып жүрген Абылай Балғынбай өз еркімен кезекшілікті тастап, 30-ға жуық қару-жарақ алып кеткен болатын.
ІІМ және ҰҚК-нің бірлескен жедел-тергеу тобы жоғарыда аталған әскери қызметші мен оның екі азаматтық сыбайласын ұстады.
Тінту кезінде олар ұрлаған қару-жарақ тәркіленді. Тергеу сотының санкциясымен ұсталған адамдар қамауға алынды.
Сонымен қатар, жекелеген лауазымды адамдарды, оның ішінде әскери бөлім басшылығын қызметтік міндеттерге немқұрайлы қарағаны үшін жауапқа тарту мәселесі қарастырылып жатыр.
Қазіргі кезде осы іске қатысты тергеу жұмыстары жалғасуда.