$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Гавайи аралдарында атқылап жатқан жанартау аумағына кірген қазақстандықтар ұсталды

Мауна Лоа жанартауы оянғалы бері аймақ қауіпсіздік мақсатында жабылған болатын

Гавайи аралдарында атқылап жатқан жанартау аумағына кірген қазақстандықтар ұсталды
Видеодан кадр

Гавайи аралдарындағы жақында ғана атқылай бастаған Мауна Лоа жанартауының жабық аумағына рұқсатсыз үш қазақстандық азамат ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Аралдағы Жер және табиғи ресурстар департаменті (DOCARE) мәлім еткендей, тәртіп бұзған туристерді жергілікті тәртіп сақшылары Мауна-Лоа орман қорығының жабық аймағынан ұстаған. Аталған аймақ Мауна Лоа жанартауы оянғалы бері адамдар зардап шекпес үшін қауіпсіздік мақсатында жабылған болатын.

Департамент офицерлері лава айрықша көп төгіліп жатқан жабық аумақта кетіп бара жатқан үш адамды байқап, сол маңда орналасқан әскери полицияға хабар береді.

«Арадағы полиция офицері туристерді көлігіне қайтып келе жатқанда қолға түсірді. Ұсталғандарға Гавайи аралдарының әкімшілік ережелерін бұзып, жабыұ аймаққа рұқсатсыз кірді деген айып тағылды. Олардың қатарында 31 жастағы Ақсамат Әдібаев, 23 жастағы Сәбит Дәурен және 32 жастағы Нияз Нұраз бар», - деп хабарлады жергілікті ведомство өкілдері.

Белгілі болғандай, арал заңын бұзғандар келер жылдың 20 қаңтарында ұсақ заңбұзушылық жасады деген айыппен Хило аудандық сотына келуге тиіс. Оларға 500 долларға дейін айыппұл салынуы немесе 30 тәулікке бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

DOCARE қызметкері сондай-ақ, жабық аймаққа кіріп, кейін лава ағынының суреттерін әлеуметтік желілерде жариялап жүрген өзге адамдарға да қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Мауна-Лоа орман қорығы және белсенді лава аймағы белгілі себептермен жабық тұр. Атқылап жатқан жанартаудан адамдар ауыр жарақат алуы немесе өліп кетуі мүмкін. Сонымен қатар көзге байқалмайтын қауіптер де бар, сондықтан жабық аймаққа кіргендер қауіп төне қалса, ең алдымен, көмекке келген жандардың басын қатерге тігуі мүмкін», - дейді DOCARE басшысы Джейсон Редулла.

Серіктес жаңалықтары