Шұжық. 12 млн теңге. Үйді тонаған таныстар
Иесіз үйге ұрлыққа түскендер полицияға айғақ болатындай «із» қалдырған
Қостанайда балаларын сабаққа апаруға кеткен иесіз үйге біреулер ұрлыққа түсіп, 12 млн теңге қолды болған. Бұл туралы Polisia.kz порталы хабарлайды.
Үй сатып аламын деген мақсатта жиналған қомақты ақша қонақ бөлмедегі сөмке ішінде болған. Полиция қызметкерлері оқиға орнынан шұжықтың бір бөлігін тауып, кейін үйге түскен ұрылар ауладағы итті алдарқату мақсатында бір кесек шұжық тастағаны анықталды. Шұжықта оның штрихтік таңбасы сақталып қалған. Полицейлер сол арқылы шұжықты сатып алған орын мен уақытын анықтаған. Полиция өкілдері аталған айғақтың көмегімен үйде ақша барын білетін және жәбірленушімен жақсы қарым-қатынаста болған танысы екенін дәлелдеді. Оңтүстік полиция бөлімінің жедел бастығы Серік Нұртаевтың айтуынша, күдікті таныс үш азаматпен бірлесіп, үй иелері жоқ сәтте ұрлыққа түскен.
«Қылмыс жасаған төрт күдіктінің барлығы Қостанай қаласында ұсталды. Олардан заттай дәлелдер мен айғақтар, яғни ақша мен сөмке табылды. Кінәларын толығымен мойндаған күдіктілер, ұрланған 12 миллион теңгенің бір бөлігін, шамамен екі миллион теңгесін керегіне жұмсап үлгергенін жеткізді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр, күдіктілердің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», - делінген хабарламада.