Сарбаз ұрлаған қару-жарақтан әлі ешкім зардап шеккен жоқ – министр
Ішкі істер министрі қару ұрлаған сарбазға қатысты толық ақпаратты ертең береді
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Azattyq Rýhy тілшісіне Түркістан облысы Бадам станциясы маңындағы әскери бөлімнен қару-жарақ алып қашқан сарбазға қатысты пікір білдірді.
«Сарбаз расымен де әскери бөлімнен қашып, өзімен бірге қару-жарақ алып кетті. Ол жігітті ұстадық. Қазір қаруды тәркілеу жөнінде тергеу жүргізіліп жатыр. Толық ақпаратты ертең брифингте берем. Ол ұрлаған қару жарақтан әлі ешкім зардап шеккен жоқ», - деді ол.
Министр тергеу жүріп жатқандықтан басқа ешқандай мәлімет бере алмайтынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Шымкент қаласына жақын жердегі әскери бөлімнен келісім-шарт бойынша жүрген кіші сержанттың атыс қаруын ұрлап қашқаны белгілі болды. Осыған байланысты ІІМ мен ҰҚК арнайы жедел тобы бірігіп, қару ұрлаған сарбазды қолға түсірді. Ол 1995 жылы туған Абылай Балғынбай есімді азамат. Бұған дейін сарбаз станциясы маңындағы әскери бөлімнен 30 АК-74 автоматын, 27 ПМ тапаншасын, 400 дана 5,45 оғын алып қашқаны туралы ақпарат тарады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан