БҚО-да жол апатынан бір күнде екі адам қаза тапты
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Батыс Қазақстан облысында бір күнде жол апатынан екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«4 желтоқсан күні түнгі 01.20 уақыт шамасында Тасқала-Атамекен тасжолының 36-шақырымында 35 жастағы жүргізуші ВАЗ-21074 автокөлігін басқара отырып, рөлге ие бола алмай, аударылған. Апат салдарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды.
Дәл сол күні таңғы сағат 07.30 уақыт шамасында Кирсаново-Уральск тасжолында Lada-2107 автокөлігін басқарған 24 жастағы жүргізуші 59 жастағы жүргізушінің басқаруындағы ГАЗ-53 автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Lada-2107 автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Сондай-ақ 1998 жылғы жолаушысы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада.
Аталған деректерге сәйкес ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі (Жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.