ІІМ: Қордайдағы жанжал бойынша қозғалған қылмыстық іс саны 90-ға жетті
Сондай-ақ бүгінге дейін 100-ге жуық адам тергелген
Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев Қордай ауданында болған оқиға бойынша 90-ға жуық қылмыстық іс қозғалғаны жайлы мәлімдеді.
«Қылмыстық іс өте көп. Оның 11-і адам өлтіру дерегі бойынша. Күн сайын жаңа фактілер қосылып жатыр. Түрлі эпизодтар бойынша 90-ға жуық қылмыстық іс қозғалды», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, Қордайдағы жанжал бойынша бүгінге дейін 100-ге жуық адам тергелген. Алайда, қамалғандар туралы мәлімет жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің директоры Санжар Әділов Қордайдағы жанжалға қатысты 25-тен астам қылмыстық іс қозғалғанын айтқан еді.
Ал, кеше Бас прокуратураның баспасөз қызметі Қордай ауданында полицейлерге бағынбай, оларға күш көрсеткен ағайынды үш жігіт ұсталғаны жайлы хабарлады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан