ШұғылСоңғы бір аптада коронавирустан 44 қазақстандық қайтыс болды

«Бомба қойылды»: жалған ақпарат таратқан қостанайлық жасөспірім 5 жылға қамалуы мүмкін

Ол тұрғындардың мазасын алып, арнайы қызметті әуреге салған 

фото: sn.kz

Қостанай облысында бомба қойылды деген жалған ақпарат таратқаны үшін 2004 жылы туған жасөспірім 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

«2020 жылдың 17 ақпанында Қостанай облысы Рудный қаласының ЖБО 102 пультіне хабар келіп түсті. Хабарламада 30 жастағы ер адамның «Октябрдің 40 жылдығы» көшесіндегі үйге бомба қойғанын жеткізген. «Бомба қойылды» деп бейтаныс нөмірден қоңырау шалған адамның даусы «әйелдердікі». Оқиға орнына өрт сөндіру қызметкерлері, жедел жәрдем және құқық қорғау органдарының қызметкерлері барып, көппәтерлі үйдегі 22 тұрғынды эвакуацияландырып, барлық үйді тексеріп шыққан. Алайда жарылғыш құрылғы табылған жоқ», - делінген хабарламада.

Жедел істестіру шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері жалған ақпаратты таратушы 2004 жылы туған, кәмелет жасқа толмаған жасөспірім екенін анықтаған. Ол бағдарлама арқылы «әйел адамның даусына» салып, 102 пультіне хабарлаған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ арнайы қызметті «әуреге салғаны» үшін зиянды өтеуді көздейді.