Павлодар облысында ер адам өзіне пышақ сұғып, суицид жасамақ болған
Оқиға 8 қарашада Ақтоғай ауданында болған
Павлодар облысында полицей өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 8 қарашада Ақтоғай ауданында болған.
«Сағат 11.16-да аудандық учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Қуаныш Қабдрахманов үйлердің бірінің ауласында мойын тұсынан пышақ сұғып, өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды байқаған. Оған жүгіріп жеткен полиция қызметкері бірден пышағын алып, жедел жәрдем шақырып, ауыл тұрғынына алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Ер адамды әңгімеге тартып, тыныштандыруға тырысады», - делінген хабарламада.
58 жастағы ауыл тұрғыны ауруханаға жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Полицейдің қырағылығы мен үйлесімді әрекетінің арқасында өз-өзіне қол салу әрекетінің алдын алып, ауыл тұрғынының өмірін сақтап қалды.
«Қуаныш Қабдрахмановтың іс-әрекеті туралы полиция басшылығы ауыл тұрғынының туысы Рахимов Әлиханнан білді. Ол полиция басшылығына бейне өтініш жазып, онда туысының өмірін сақтап қалған полицейге шын жүректен алғыс білдірді”, - делінген хабарламада.