Алматыда екі автобустың соқтығысуынан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Оқиға 8 қарашада Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында болды
Кеше №4 Қалалық клиникалық ауруханаға 6 науқас жеткізілген. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа деп бағалап отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«4 науқас біздің бөлімшеге келіп түсті. Екеуі ер азамат, екеуі әйел кісі. Төртеуінің де жағдайы тұрақты. Орташа ауырлықта. Бәрі бас-ми жарақатымен жатыр. Жансақтау бөліміне түскен жоқ. Ота талап етілмейді. 5-7 күннің ішінде үйлеріне жіберіледі»,- деді №4 МКБ нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Әжібеков.
«Біздің бөлімшеге бір ер, бір әйел адам түсті. Екеуінде де ми жарақаты, кеуде жарақаты бар. Қазір жағдайлары тұрақты. Өмірлеріне қауіп жоқ. Әлі ота жасалған жоқ. Оның қаншалықты қажет екенін енді анықтаймыз. 10-12 күнде тәуір болады деп ойлаймыз»,-деді №4 МКБ жарақаттар бөлімшесінің меңгерушісі Дәурен Түсіпов.
Айта кетейік, жол-көлік апатынан кейін 17 адам әртүрлі жарақаттармен ауруханаларға жеткізілген. Қалған науқастар жайлы мәлімет әзірге жоқ.
Жалпы, жол-көлік оқиғасынан 19 адам зардап шекті, біреуі медициналық көмектен бас тартты. Бір жәбірленуші жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды.