Өзбекстан азаматын тонаған жалған полицейлер қолға түсті
Олар жәбірленушіні қорқытып, 60 мың теңге ақшасын тартып алған
Сарыағаш аудандық полиция басқармасына өзбекстандық азамат өзін белгісіз азаматтардың тонағанын айтып арызданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жәбірленуші Қазақстанда жұмыс істеп, тиісті жалақысын алып, еліне қайтпақ болған. «Жібек жолы» кеден бекетіне келгенінде, оның жанына белгісіз көлік тоқтап, ішіндегілер өздерін полиция қызметкерлері деп таныстырады. Соңынан құжатын көрсетуді сұраған. Содан соң күдіктілер оның өзге ел азаматы екенін айтып, көлікке отыруын бұйырған.
Көлікке отырғызып алған соң шетке апарып, «Тірі қалғың келсе, қалтаңдағы бар ақшаңды бер» деп қорқытып, 60 мың теңге ақшасын тартып алған.
Департамент хабарлауынша, аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне еніп, ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы, «Тонау» бойынша тіркелген.
«Полицейлер тез арада қылмыскерлерді ұстау мақсатында іске кірісті. Полиция майоры Мақсат Пернебаев пен полиция капитаны Ғазиз Ақбердиев куәгерлерден сұрастырып, мұқият тексеру жұмыстарын жүргізіп, түрлі ақпарат көздері арқылы пробация қызметкерлерімен бірлесіп, күдіктілерді ұстады. Тергеу барысында ұсталған күдіктілердің екеуінің де бұрын сотты болғаны анықталды. Күдіктілер ақша қажеттілігіне байланысты заңсыз әрекетке барғанын мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды», — деп жазылған департамент таратқан ресми ақпаратта.