Қарағанды облысында тағы бір қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылды
Ұйымдастырушы әр адамнан 3 мыңнан 10 мың теңге көлемінде заңсыз инвестиция тартқан
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті қаржы пирамидасын құру және пайдалану фактілерінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Тергеу барысында анықталғандай, түрлі абоненттік нөмірмен тіркелген ұйым WhatsApp мессенджер қосымшасын пайдалану арқылы 5 жоба атауының негізін қалаған. Қылмыстық схема бойынша ұйымдастырушы 3 мыңнан 10 мың теңге көлеміндегі заңсыз инвестиция тартқан», - делінген агенттік хабарламасында.
Белгілі болғандай, жобаға қатысушыларға 10 тәулікке дейін аралықта салған қаражатынан 300% және 500% төлеуді уәде еткен. Тергеу анықтаған белгілер қаржы пирамидасының негізгі белгілеріне жатады.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
«ҚМА азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырады», - делінген хабарламада.