ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте тағы 272 адамнан коронавирус анықталды

Алматы облысында бірнеше қылмысқа қатысы бар ұрылар тобы ұсталды

Топ құрамында 22-25 жас аралығындағы 4 азамат болған

Алакөл ауданының полицейлері дүкендер мен жүк көліктерінен мүліктер ұрлауды кәсіп қылған қылмыстық топты құрықтады. Топ құрамында 22-25 жас аралығындағы 4 азамат болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында Үшарал қаласында бірқатар ұрлық дерегі тіркелген. Қылмыскерлер түнде әрекет етіп, дүкендердің құлыптарын бұзып немесе терезелерінен кірген. Негізінен, тамақ өнімдері, қымбат ішімдіктер, темекі мен шоколадтар, тұрмыстық химия заттары қолды болған. Сондай-ақ, жүк көліктерінен аккумулятор ұрланған.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында еш жерде жұмыс жасамаса да, қаржылай қиындығы жоқ төрт азамат күдікке ілінді. Олардың сыртынан жедел бақылау жасалып, топтың барлық мүшесі оқиға орнында ұсталды. Олардың кезекті жүк көлігінің аккумуляторын ұрлау әрекеті сәтсіз аяқталды», - деп мәлімдеді Алакөл ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Қуат Оспанов.

Тергеу барысында ұсталғандардан айғақзаттар тәркіленді және күдіктілердің бірінің дүкен құлыптарын арнайы құралдар көмегімен шебер ашатыны анықталды.

«Топтың үш мүшесінің қылмыстық тәжірибесі бар, осыған орай сот оларды қамаққа алу туралы шешім қабылдады. Олардың екеуі бұған дейін бірнеше рет өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін ұсталса да, тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істер қысқартылып отырған. Ал біреуі қылмыс туралы құзырлы органға хабарламау және оны жасыру дерегі бойынша сотты болған. Қазіргі уақытта оларға жалпы сомасы 800 мың теңге шығын келтірген 6 ұрлық дерегіне қатысы бар деген айып тағылды. Сонымен қатар, олардың өңірдегі осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде», - деп толықтырды полиция подполковнигі Қуат Оспанов.

Сұхбат
Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ даласынан 1,3 млн жауынгер аттанған
Англия, Түркия, АҚШ елдеріндегі қазақтар жағдайды баяндады
Америкада маскасыз жүргендерге 1 мың доллар айыппұл салынады