«Ақтөбе - Алматы» пойызында жолаушы әйел босанды
Пойызда медициналық білімі бар адам болмағандықтан келіншекті жолсерік босандырып алған
«Ақтөбе - Алматы» пойызында жолаушы әйел босанып, дүниеге келген ұлдың кіндігін жолсерік кескен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ақтөбе - Алматы» бағытындағы №34 пойыздың жолаушысы Балжан Шерниязованы аяқ-асты толғақ қысқан.
Пойыз басшысы Нұржан Тапаев келіншекке көмек көрсету үшін жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақыртып, ішкі дауыс зорайтқыш байланыс арқылы жолаушылардан жәрдем сұрапты. Алайда, пойызда медициналық білімі бар адам табылмағандықтан, №9 вагон жолсерігі Ғалия Тұрсыматқызы әйелді өзі босандырып алған.
Шалқар станциясында аман-есен босанған ананы жаңа туған сәбиімен бірге дәрігерлер перзентаханаға алып кеткен. Ақ халаттылардың айтуынша, екеуінің де халі жақсы. Ал жол үстінде ұлды болған әйел теміржол қызметкерлеріне алғысын білдірген.