Ақтауда перзентханада мұрнынан айырылған нәресте шетінеп кетті
Медбикелер салғырттығынан нәрестенің мұрнына зақым келген
Ақтаудағы перинаталдық орталықта мұрнынан айырылған сәби қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Дүниеге келгеніне небәрі 7 ай ғана болған Талғат Бекназаров 7 ақпан күні ауруханадан шығарылған.
«Нәрестенің үйге шығарылуын сұрап, анасы өтініш беріп, қолхат та жазып кеткен. Тіпті, отбасы өкпеге оттегі беретін аппарат сатып алған. Бірақ балаға өкпе фиброзы деген диагноз қойылған еді. Бұл жасанды тыныс алу аппаратында ұзақ уақыт жатудан пайда болатын ауру», - делінген облыстық балалар ауруханасының хабарламасында.
Еске салсақ, баланың анасы қалалық перинаталды орталыққа 2019 жылдың шілдесінде түскен. Сәби мезгілінен бұрын туғандықтан, жасанды тыныс алу аппаратына жатқызылған. Кейіннен комиссия аппарат маскасы бетіне тым жақын қойылғандықтан, нәрестенің мұрнында тіндік некроз пайда болғанын анықтаған. Анасының айтуынша, медбикелер нәрестеге дұрыс күтім жасамаған, соның салдарынан баланың мұрнына қатты зақым келген. Сондықтан әйел сотқа жүгінген.
2020 жылдың қаңтарында сот жәбірленушінің пайдасына 1 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім қабылдады.