Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі әйелін соққыға жықты деп айыпталды
Алматы полициясы бұл іспен Әуезов аудандық бөлімі айналысып жатқанын хабарлады
Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі, Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі Мұрат әйелін өлімші етіп соққыға жықты деп айыпталып жатыр. Алайда Телібеков керісінше, өзінің зардап шеккенін айтып ақталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазақстан мұсылмандары одағының басшысы Facebook желісінде үйіне белгісіз біреулердің басып кіріп, өзін балағаттап, қызын алып кетпек болғанын жазды.
«Баланың көзінше бұзақылар мені ұрып-соғып, балағаттап, масқаралады. Қызым психологиялық ауыр соққы алды. Әуезов аудандық полиция бөлімінің басшылығы объективті тергеу үшін барлық шараларды қабылдайды деп сенемін», - деп мәлімдеді Телібеков.
Келесі күні желіде Телібековтің әйелінің құрбысының видео хабарламасы пайда болды. Елена Ким болған оқиғаның басқа нұсқасын айтып берді. Оның айтуынша, Телібеков әйелін үнемі ұрып-соғып келген.
«Екатерина Чеканова (әйелі) маған телефон соғып, көмек сұрады. Ол күйеуі Телібековтің ұрып-соғып жатқанын, қайтып хабарласа алмайтынын айтты. Жақын құрбымның өмірінен қорқып, оның нөміріне қайта қоңырау шалдым, бірақ оның телефоны өшіп тұрды. Мен оның қайда тұратынын біле сала, анаммен бірге олардың үйіне бардым. Біз келгенде үй қоңырауына ешкім жауап бермеді. Екатерина көшеден менің дауысымды естіп, терезеден «Телібеков ұрып-соғып, үйде күштеп ұстап отыр» деп айқайлады. Артынша есікті ашқанда құрбымның әлпетін көріп, шошып кеттім. Оның бет-аузы көгеріп, сау-тамтығы қалмаған екен. Оның 10 жастағы қызы Наргиза қатты шошып қалыпты. Мұның бәрін көрген анам Мұратқа айқай салып еді, ол екеуімізге де жұдырық ала жүгірді», - деп еске алады Елена.
Елена Ким қазір оның Facebook арқылы жала жауып жатқанын жазады. Мұны Мұраттың әйелі де бейнежазбасында растап, Facebook-ке күйеуі жариялаған мәліметтің жалған екенін айтты.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл іспен Әуезов аудандық бөлімі айналысып жатқанын хабарлады. Сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша шешім қабылданады.