СҚО-да мас күйінде көлік жүргізген 29 жүргізуші қамауға алынды
Солтүстік өңірде жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізген 68 факті тіркелді
Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында жол апатына себепкер болып, оқиға орнынан қашып кеткен мас жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты. Ресейлік нөмір таққан «Toyota Mark II» маркілі автокөліктің рөлінде 1997 жылы туған жігіт болған. Көлікті мас күйінде жүргізген азамат жол апатына себепкер болып, «Mercedes-Benz» автомобилімен соқтығысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оқиға 1 қаңтарда тіркелген. Көлік салонында болған екі адам жарақат алмаған. Алайда, көлік айтарлықтай зақымданған. Айыпты жүргізуші оқиға орнынан ізін суытып үлгергенмен, полицейлер оны бірнеше сағат ішінде тауып алған.
«Тәртіп сақшыларының жедел жұмыс істеуіне апатқа кінәлі тұлғаның жергілікті азамат болғаны септігін тигізді. Оған қоса, жәбірленушілер оның автокөлігін танып қалған. Медициналық куәландыру ұсталған азаматтың көлікті мас күйінде жүргізгенін көрсетті», - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Динара Сағындықова.
Аталған факті жауапкершілікті қатаңдататын өзерістер енгізілгенге дейін тіркелгендіктен, ауыл тұрғыны 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
«Биылғы жылдың 11 қаңтарында заңнамаға енгізілген өзгертулерге сәйкес, мас жүргізушілерге қатысты жаза күшейтілді. Спирттік ішімдік тұтынып, көліктің зақымдалуына әкеп соқтырған, жол апатын тудырғандар көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылады және 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция капитаны Азамат Жамұқов.
СҚО-да жыл басынан бері көлікті мас күйінде жүргізген 68 факті тіркелген. Оларың бесеуі жол-көлік апатына себепкер болған. 59 факті бойынша материалдар сотқа жіберілді. 54 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 29-ы әкімшілік қамаққа алынды, 42 адам жүргізуші құқығынан айрылды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО