Талдықорғанда қаза тапқан әскери қызметкер қастандықпен өлтірілген – полиция
Әскери шендінің қазасына әріптесі күдікті ретінде ұсталды
Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 38 жастағы Талдықорған қаласының тұрғыны – әскери қызметкер ұсталды деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қанды оқиға былтыр 24 желтоқсанда Талдықорғандағы Қаратал шағынауданында болған еді. Жергілікті тұрғындар полицияға хабарласып, басына оқ тиген мәйіттің табылғаны туралы хабарлаған. Артынша қаза тапқан ер адамның әскери бөлімдердің бірінде қызмет еткен 36 жастағы офицер Рүстем Жанықбаев екені анықталды.
Полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғаған. Шулы оқиға облыстық тергеу басқармасы басшылығының бақылауында.
«Тергеу барысында бірнеше нұсқа қарастырылып, олардың әрқайсысы мұқият тексерілді. Зардап шегушімен байланысы бар деген барлық адамнан жауап алынды. Сот-медициналық, баллистикалық, портреттік және т.б. сараптамалар жүргізілді. Нәтижесінде, болжамның бірі расталып, полиция кісі өлтірді деген күдіктінің жеке басын анықтай алды. Марқұмның әріптесі күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Талдықорған қалалық ПБ басшысы Асқар Нұрсапа.
Полицияның ақпаратынша, күдікті қазақ тапқан жігітпен бір әскери бөлімде қызмет атқарған. «Сотқа дейінгі тергеуді облыстық тергеу басқармасы жүргізуде. Қаратал өзенінің төменгі жағынан әскери қызметшіге оқ атылған 16 калибрлі аңшы мылтығы табылды. Қару тәркіленіп, тергеу материалдарына заттай айғақ ретінде алынды», - деп атап өтті полицияның баспасөз қызметі.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы