«Баланы құтқарып, өздері батып кетті»: желіде тараған видеоға қатысты ТЖМ түсініктеме берді
Аталған видеодағы жантүршіктірер қайғылы оқиға Қазақстан аумағында тіркелмеген
«Баланы құтқарып, өздері суға батып кетті». Осындай жазбамен әлеуметтік желілерде жаппай тарап жатқан құтқарушылардың қайғылы оқиғасы туралы видео жайында Төтенше жағдайлар министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Видеодан белгілі болғандай, ағысы қатты канал суында ағып бара жатқан баланы құтқарған үш құтқарушының екеуі суға батып кетті. Өзен маңында қара көк түсті форма киген құтқарушылардың жанында тағы бір бала жүгіріп жүр. Баланы аман алып қалған екі жігіт бірін-бірі құтқармақ болған күйі судан шыға алмай, сол күйі батып кетті. Қайғылы оқиғаға қатысты желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп, бірі балаларды кінәласа, енді бірі видео түсіріп жүрген адамға ашуланып, оны қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен.
Министрлік мәлім еткендей, аталған видеодағы жантүршіктірер жайт Қазақстан аумағында тіркелмеген.
«Қазақстан аумағында мұндай факті тіркелмеген, кезекші диспетчерлерге де бұл оқиға туралы қоңырау түскен жоқ. Біздің құтқарушылардың киімдері де басқаша», – деді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.