Павлодарда есірткі таратумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Azattyq Rýhy

Күдіктілер синтетикалық есірткіні таратуға мамандандырылған

Павлодарда есірткі таратумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Фото: ашық дереккөзден

Тәртіп сақшылары қала аумағында психотроптық заттарды таратуға мамандандырылған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің қылмыстық іс-әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қаскүнемдер синтетикалық есірткіні таратуға мамандандырылған.

"Қарасора-2022» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезеңінде операция барысында 3,2 келіден астам «синтетиканы» заңсыз айналымнан алып тастауға және «Альфа – PVP» синтетикалық есірткінің 10 мыңнан астам бір реттік дозасын сатуға жол берілмеді", - деп хабарлады полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.

Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 18-36 жас аралығындағы жеті адамның интернет-ресурстар арқылы  байланыссыз тәсілмен психотроптық заттарды сатқаны анықталды. 

"Сатушылар әлеуетті сатып алушылардың ешқайсысымен тікелей байланысқа түспеген. Әлеуметтік желілердің көмегімен  хабарласу арқылы келесі дозаны сату үшін жасырын орындардың белгілерін қалдырып отырған", - деп атап өтті Василий Скляр.

32 және 26 жастағы тағы екі айыпталушы тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы құрылған жедел топтың үйлесімді әрекеттері нәтижесінде ұсталды. Олардың Павлодар қаласында психотроптық заттардың негізгі ұйымдастырушылары мен жеткізушілері болып табылатыны анықталды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы ҚК 262-бабы – «ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оған басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 

Істің 9 фигуранты Павлодар қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.