Петропавлда төтенше жағдай жарияланбақ
Төтенше жағдай жариялаудың мақсаты – Петропавл 2-ші ЖЭО болған апат салдарын жою
Петропавлда 2-ші Жылу электр орталығында болған апатқа байланысты техногендік төтенше жағдай жарияланбақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қалалық әкімдік өкілдері мұндай шешім 4 шілде күні өткен комиссия отырысында қабылданғанын жеткізді.
«Төтенше жағдай жариялаудың мақсаты – Петропавл 2-ші ЖЭО болған апат салдарын жою», - делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, биыл 20 наурыз күні жылу орталығының алып мұржаларының бірі опырылып құлаған болатын. Үйіндінің астында қалған жұмысшы қайтыс болды. Қылмыстық іс қозғалып, орталық директоры мен бас инженері қамауға алынды. Тергеу амалдары әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Құлаған мұржаның үйінділері 1300 шаршы метрге дейін шашылған еді. Оны алып тастау жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын басшылығы оны тамыз айына дейін аяқтауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, қондырғылар жөнделуде. Соның әсерінен қысым төемендеп, қаланың кей аудандары ыстық сусыз қалды. Кәсіпорын өкілдері келер аптада бәрі қалыпқа келетінін айтып сендірді.
Петропавл жылу орталығының мұржалары 9 жылдан бері тексерілмеген. Талапқа сай мұндай қондырғылардың жағдайы әр 5 жыл сайын сараптамадан өтуі тиіс. Соның салдарынан кәсіпорында өткен жылыту маусымында бірнеше рет апат болды. Қондырғылардың 60 пайызы тозған. 18 млрд теңгеге кешенді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Айта кетейік, Қазақстанда 37 жылу электр орталығы бар. Оның 10-ы коммуналдық меншікте, 2 нысан мемлекет қарамағында, 3-еуі квазимемлекеттік және 22-сі жеке меншікте. Орталықтардың басым көпшілігінде қондырғылардың 60 пайызы тозған. Ал ең көне нысан Шымкент қаласында. Ол 1941 жылы салынған.