СҚО-да ер адам 8 жасар баланың мойнына арқан іліп, ағашқа байлап кеткен
Жергілікті тұрғындар аталған оқиға туралы әлеуметтік желіде жариялап, құзырлы органдардан көмек сұраған
Солтүстік Қазақстан облысының Бәйтерек ауылында ересек ер адам екінші сынып оқушысының мойнынан арқан іліп, ағашқа байлап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
7152.kz порталының жазуынша, жаға ұстатар жағдай 28 маусым күні Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Бәйтерек ауылында болған. Жергілікті тұрғындар аталған оқиға туралы әлеуметтік желіде жариялап, құзырлы органдардан көмек сұраған.
Жеті баланың анасы Наталья Абдалова болған жайттың мән-жайын айтып берген.
«Мен сол баланың әжесімен сөйлестім, бала екінші сыныпта оқиды. Жағдай былай болған: бала серуендеуге шығып, құрдастарын күтіп отырады. Ол бұталардың арасында отырғанда, арт жағынан әлгі ер адамның өтіп бара жатқанын көреді. Сәлден соң әлгі ер адам жымын білдірмей баланың арқа тұсынан келіп, мойнына арқан іледі де, бір саусақ өтетіндей бос қалдырып, ағашқа байлап тастайды. Содан соң «Осында отыр, мен қазір келемін» деп кетіп қалады. Ол жерде балалар үнемі ойнап жүретін. Бала жерде жатқан әйнек сынығын алып, мойнындағы арқанды кеседі де, үйіне жүгіріп барып, болған жайт туралы атасына айтып береді. Сөйтіп олар полиция шақыртады», — дейді Наталья Абдалова.
Натальяның айтуынша, ол ер адамның жүріс-тұрысынан ауыл тұрғындарының бәрі жасқанатын көрінеді. Әйел 2003 жылы Бәйтерек ауылына көшіп келгелі бері аталған тұрғынға қатысты оғаш оқиғаларды жиі еститінін, ол психологиялық сауықтыру орталығына кеткен кезде ғана ауылдың тынышталып қалатынын айтады.
«Балаларды мектепке үнемі ертіп апарамыз, менің де жеті балам бар, оларды үнемі шығарып салып, қарсы аламын. Біз мектептен біршама қашықта тұрамыз. Ол ер адам тіпті психиатриялық ауруханада жатқан күнде де, балаларымды шығара бермеймін, өйткені қанша уақыт жатып, шығып келетіні белгісіз», - деп алаңдайды ауыл тұрғыны.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті ер адамның қоғамнан оқшауланып, психикалық денсаулық орталығына орналастырылғанын айтты.
«28 маусымда Мағжан Жұмабаев аудандық ішкі істер бөліміне ауыл тұрғынынан хабарлама келіп түсті. Әйелдің айтуынша, жергілікті тұрғын тоғыз жасар немересін ағашқа жіппен байлап, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Оқиға орнына барған полицейлер психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған 48 жастағы ауыл тұрғынын ұстады. Қазіргі уақытта Бәйтерек ауылының тұрғыны психикалық денсаулық орталығына орналастырылды», - деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.