БҚО-да жол-көлік апатынан бір адам қаза тапты
Қайғылы оқиға 6 шілде күні сағат 19:00-де болған
Батыс Қазақстан облысында екі көлік соқтығысып, соның салдарынан бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
БҚО полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 6 шілде күні сағат 19:00-де болған.
«Шымкент-Самара» тас жолында Volkswagen Passat автокөлігін жүргізіп келе жатқан 1972 жылғы жүргізуші жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Автокөлік 1969 жылғы әйелдің басқаруындағы Toyota Avensis автокөлігіне соғылған.
«Оқиға салдарынан Volkswagen Passat жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Toyota Avensis көлігінің 1988 жылы туған жолаушысы Орал қалалық мемлекеттік медициналық ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер тексергеннен кейін политравматология бөліміне жатқызылды», - делінген ПД хабарламасында.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.