Қайғылы оқиға азаяр емес: Павлодар облысында жарты айда 7 адам суға кетті
Өңірде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жан-жақты жүргізіліп жатыр

Павлодар облысында шомылу маусымы басталған екі апта ішінде 7 адам суға кеткен. Олардың біреуі бала, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Өңірде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Бұл іске қарапайым тұрғындардан құралған қоғамдық құтқарушылар да тартылған. Соған қарамастан қайғылы оқиға азаяр емес.
Ескере кететін жәйт, қайтыс болған 7 адамның төртеуі өңірге басқа облыстардан қыдырып келген. Мәселен, Ертіс ауданында отбасын құруға дайындалып жүрген екі жас суға кетсе, Баянауылдағы Торайғыр көлінің жағасында балаларын құтқармақ болған екі ер адам суға батып кетті. Олар Қарағанды облысының азаматтары. Баланың өліміне алып келген тағы бір оқиға облыс орталығында болды. Ол автокөлік көпірінің жанында рұқсат етілмеген жерде суға түсіпті. Сонымен қатар Павлодарға оқуға келген Қытай азаматының да ажалы Ертістен болды. Құтқарушылар өткен аптада із-түзсіз жоғалған 18 жастағы бозбаланың да денесін өзеннен тапты.
«Шомылу маусымы басталғалы бері Павлодар облысы бойынша 5 оқиға тіркелді. Оның ішінде 7 адам қаза болды. Бүгінгі күнде батып кеткен адамдардың мәйіттері табылды. Іздестіру жұмыстары тоқтатылды және осы өлімнің себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Теміржан Таңжанов.