Ақсу шатқалында суға батып кеткен үндістандық студенттер бес күннен бері табылмай жатыр
Іздеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткені марқұмдардың жақындарын алаңдатып отыр
Түркістан облысына қарасты Ақсу шатқалында суға батып кеткен үндістандық студенттердің денесі бес күннен бері іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оtyrar.kz порталының жазуынша, іздеу жұмыстарына түрлі ведомствоның жүзге жуық қызметкері жұмылдырылған. 29 маусымда жаяу 5 шақырым, еурокоптермен 20 шақырым жер сүзілген.
Қаза тапқан студенттердің бірінің Қырғызстанда оқитын досының айтуынша, іздеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткеніне бәрі, оның ішінде марқұмдардың ата-аналары да алаңдап отырған көрінеді.
Тақырыпқа орай: Түркістан облысында екі шетелдік студент суға батып кетті
«Бәріміз алаңдап отырмыз. Досымның ата-анасы өзін қоярға жер таба алар емес. Олар жақын уақытта келіп қалуы тиіс, бірақ әлі нақты ақпарат ала алмай отырғандықтан, бәрі уайымдап отыр», - дейді Шивамо есімді жігіт.