ШҚО-да браконьер арқар мен күзен атып, мемлекетке 13 млн теңге зиян келтірген
Өңірде жыл басынан бері жабайы аңдарды заңсыз аулаудың 11 фактісі анықталған

ШҚО-да браконьер 13 млн теңгенің жануарларын атып өлтірген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде жыл басынан бері жабайы аңдарды заңсыз аулаудың 11 фактісі анықталған.
«Мысалы, Аягөз ауданы Тарбағатай ауылдық округінің аумағында табиғат қорғау полициясының қызметкерлері «Охотзопром» инспекторларымен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар өткізген кезде арқар мен күзендерді заңсыз аулаған, Аққожа ауылының 38 жастағы тұрғыны ұсталды. Қаскүнем Ақшоқы ауылының шетінде тегіс ұңғылы тіркелмеген 28 калибрлі қарумен «олжасын» атып өлтірген. Қоршаған ортаға келтірілген залал 13 миллион теңгеден асты», - делінген ПД хабарламасында.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстьық кодексінің 337-бабы 4-бөлігімен (Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне, сондай-ақ ірі залал келтіре отырып пайдалануға тыйым салу енгізілген жануарларға қатысты заңсыз аң аулау – санкциясында 6 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 3-тен 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу көзделген; мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады) қылмыстық іс қозғалды.