«Саусақ іздерім табылмаса да 10 жылға сотталдым»: абақтыда 8 жыл отырған азамат басынан өткен оқиғамен бөлісті
«Мәйітті алып кетіп бара жатқанда пышақта саусақ іздерінің болғанын анық көрдім...»
Белгілі журналист Илона Екшембееваны өлтірді деп айыпталып, 10 жылға сотталған Андрей Алимовтың Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/12 мекемесінде жазасын өтеп жатқанына 8 жыл болды. Сотталушы қаза тапқан келіншектің ғашығы ғана емес, әріптесі де болған. Андрей Алимов 23 жыл бойы телеарнада жұмыс істеген. Түрлі бағдарламалардың сценарийін жазумен айналысқан. Темір торға тоғытылған азамат Azattyq Ruhy тілшісіне басынан кешкен оқиғамен бөлісті.
«Мен 99 баптың 1-тармағы бойынша 10 жылға сотталғанмын. Яғни адам өлтірген деген айып тағылған. Қаза тапқан келіншекпен бірге тұрып жүрген едік. Бірақ заңды түрде некеге тұрмағанбыз. Өйткені оған дейін оның жолдасы, менің жұбайым болған еді. Екеуміздің де басымыз бос болған кезде, бірге тұру жөнінде шешім қабылдадық. 2015 жылдың 7 наурызы күні ол әлеуметтік желіде екеуміздің жақын арада үйленетініміз туралы хабарлама жазған болатын. Мереке қарсаңында ащы судан ұрттағанымыз рас. Үйде болған едік. Бірнеше күн демалдық. Мүлдем ұрысқан жоқпыз. Содан кейін, яғни 11 наурыз күні Илона кісі қолынан қаза тапты. Оған үш рет пышақ сұққаны анықталды. Таңертең тұрғанымда, оның өлі денесін көрдім. Мен оны өлтіре алмас едім. Оны қатты сыйлайтынмын.
Сараптама нәтижесінде менің саусақ іздерім табылмады. Бірақ мәйітті алып кетіп бара жатқанда пышақта саусақ іздерінің болғанын анық көрдім. Алайда оны сараптамадан өткізу техникалық жағынан мүмкін емес деп түсіндірді мамандар. Бұл қайғылы жағдайда жалғыз күдікті мен ғана болдым. Соттың шешемін судьяның арына қалдырдым. Түрмеден шыққаннан кейін арнайы мамандардың көмегіне жүгінемін. Білуімше, Санкт-Петербургте есте сақтау қабілеті нашарлаған адамдармен жұмыс істейтін білікті мамандар бар. Олар әрбір детальді еске түсіруге көмектеседі екен. Қайғылы жайттың қалай болғанын сонда ғана есіме түсіретін шығармын», - деді жазасын өтеуші Андрей Алимов.
Абақтыда өткізген 8 жылдың ішінде Андрей Алимов 7 кітап жазып тастапты. Әрбір туындының мазмұнына автор өз өмірінің бір бөлшегін қосатыны жасырын емес дейді. Түрменің кітапханасында жұмыс істеп, 30 мың теңге айлық алатын сотталушы, сот үкімімен мойнына артылған қарызды қалған екі жылдың ішінде толық өтей алмайтынын айтты. Ал берешектен құтылмайынша, жазасын өтеу мерізімі аяқталса да, бостандыққа шығарылмайды.
«Түрмедегі кітапханада жұмыс істеймін. Айлығым – 30 мың теңге. Оның 15 мыңы мойнымдағы қарымызды төлеуге кетеді. Яғни сотталып жатқан кезде маған жүктелген шығындарды өтеуге аударамын. Қалған 2,5 миллион теңге айыппұлды мұндай жалақымен қайтіп өтейтінімді білмеймін. Жылжымайтын мүлкім осы қарыз үшін аресте тұр. Заң бойынша мен бұл қарызды толық төлемегенше, жазаны өтеу мерізімім аяқталса да, абақтыдан босатпайды. Бірақ былай қарасам мемлекет менің түрмедегі шығыныма жылына кем дегенде 1 миллион теңге жұмсайды. Осы ретте, бұл заңды өзге дамыған елдердегідей өзгертеді деген үмітім бар. Өйткені түрмеден шығып, кепілде тұрған үйімді сатып, жұмыс істеп, бұл қарыздан тезірек құтылуыма болатын еді. Түзеу мекемесінде ауыр жұмыс істеуге қос бүйрегім жарамайды, жасым – 50-де», - дейді жазасын өтеуші Андрей Алимов.
Бұл жүйені өзгерту керектігін Халықаралық құқық қорғау орталығының президенті Жәнділдә Әжіғалиұлы да айтты.
«Иә, бұл жүйе дұрыс емес. Жазаның бірі – қылмыскерді жазалау болса, екіншісі – басқаларға оны көрсету. Бұл 50 жылдан бері келе жатқан мәселе. Қылмысты жасаған бір адам, бірақ оның қарызын төлеу үшін бүкіл әулет шырылдайды. Дамыған елдерде бәрі керісінше. Қылмыскердің өзге де отбасы мүшелеріне мемлекет қамқорлық жасайды. Қарызын толығымен өтемеген адамға, меніңше шартты жаза қолдану керек. Ол кезде азамат жұмысқа шығып, қарызынан құтылады.
Ресейде халықтың құқықтық жауапкершілігін, құқықтық сауаттылығын арттыратын арнайы Үкімет қаулысы бар. Бізде ондай жоқ. Бұл қаулы бойынша мектептерде, ЖОО-да, өндірістерде тек қана олардың өздерінің құқықтары бойынша ғана емес, жалпы мағлұмат беріледі. Бізде көптеген мекемелерде күзетші болып отырған азаматтар бұрынғы құқық қорғау органдарында қызмет еткен мықты кадрлар. Дәл осы азаматтардың біліктілігін пайдалана отырып, халықтың сауаттылығын артыру керек. Өйткені, басына іс түскенде мықты адвокат жалдай беретін жұрттың бәрінде қомақты қаражат жоқ. Ал мемлекет тарапынан қарастырылатын құқық қорғаушылардың басым бөлігі немқұрайлы жұмыс істейді. Оларға сағатына төлейтін 4 мың теңгені алып отыра берсе болды», - деді заңгер Жанділдә Әжіғалиұлы.