Алматылық әйел тірі екенін прокуратураға жүгінген соң ғана дәлелдей алған
Тұрғын о дүниелік болып кеткен құрбысының кесірінен өлілер санатында жүрген
Алматы қаласында алаяқтың құрьаны болған әйел жарты жыл бойы қайтыс болғандар қатарында болған. Өзінің тірі текенін дәлелдеу үшін тұрғын қала прокуратурасына жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құзырлы органның баспасөз қызметі хабарлағандай, А. өзін қайтыс болды деп таныған АХАЖ бөлімі шешімінің күшін жою мәселесі бойынша жүгінген.
Өтінішті қарау барысында прокурорлар әйелдің Б. есімді танысы оның жеке куәлігін жасатып, өзінің фотосуретін жапсырып алғанын анықтады. Яғни, анкеталық мәліметтер А. есімді әйелдікі болғанымен, фотосурет оның құрбысы Б-ға тиесілі болған.
«2021 жылдың 27 қыркүйегінде Б. ауруханада қайтыс болады, соған байланысты Алматы қаласы Түрксіб ауданының АХАЖ жалған құжат негізінде оның қайтыс болғаны туралы акті жазбасын енгізеді.
Сол сәттен бастап өтініш берушінің Қазақстан азаматының конституциялық құқықтарын, мемлекеттік қызметтерді, кепілдендірілген тегін медициналық көмекті пайдалануға мүмкіндігі болмаған, өйткені барлық органдарда ол қайтыс болған ретінде есепте тұрған», - делінген қалалық прокуратура хабарламасында.
Осы мән-жайларды тексере келіп, сотқа өз бетінше жүгінудің мүмкін еместігін ескерген тұрғын Алматы қаласы Түрксіб ауданының прокуратурасына жүгініп, қайтыс болу туралы акті жазбасының күшін жою туралы талап арыз береді.
«Сот қадағалау органының талап арызын қанағаттандырды, АХАЖ талап арызды мойындады, акті жазбасының күші жойылды. Ресми құжатты қолдан жасау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады», - делінген хабарламада.