Астанада жұрт жаппай уланған суши-бар жұмысын тоқтатты
Қазіргі уақытта 43 адам ауруханада жатыр
Елордалық мейрамханада жұрттың жаппай улануына қатысты істің ресми нәтижелері келесі аптаның соңында жарияланады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Хабар24»-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы бүгін Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері хабарлады. Бірер күн бұрын лабораториялық зерттеулер аяқталып, Абай даңғылының бойында орналасқан суши-бар қызметін тоқтатты. Осында тамақтанған 43 адам қазір ауруханада. Олардың 23-і бала. Тағы 56 азамат үйінде ем-дом қабылдап жатыр.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері қалада жаппай улану дерегі үшінші рет тіркеліп отыр. Алғашында тек 2 адам шағымданған болса, екінші рет 10 азаматтың уланғаны белгілі болды. Ал осы жолы ауырып қалғандардың саны 100-ге жуықтап қалды.
«Маусымның 15-інде бұл нысанға қатысты қаулы шығарылды. Құжатқа сәйкес олар қызметін уақытша тоқтатты. Біз тек Абай даңғылындағы мейрамханада ғана тексеріс жүргізіп жатырмыз. Шағымданғандардың барлығы дәл осы жерде тамақтанған. Бізге жұрттың неден уланғаны белгілі. Бірақ біз лаборатиялық зерттеу нәтижелері жайлы тек келесі аптаның соңында ғана хабарлай аламыз»,- деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Шағалтаева.