Түркістанда 1 млн теңге салынған сөмке бақылау камерасының көмегімен табылды
Қызылордалық тұрғын тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын жеткізді
Түркістанда 1 млн теңге салынған сөмке бейнебақылау камерасының көмегімен табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қызылордалық тұрғын тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын жеткізіп, алғыс бейнежазбасын жолдаған.
«Мен Түркістан қаласына жеке жұмыстарыммен барып, қала ішінде белгісіз таксиге отырдым, діттеген жеріме келген соң түсіп қалдым. Арадан бірнеше минут өткенде көлік ішінде 1 миллион теңге ақшасы салынған кіші қол сөмкемді ұмытып кеткенімді байқадым. Бірден түскен жеріме қайта келгеніммен, ол көлікті таппай қалдым. Білетінім тек қана көліктің түсі және маркасы, ал оның мемлекеттік тіркеу нөмірі немесе байланыс телефондарынан мүлдем хабарсыз едім», - деп жазады тұрғын.
Ол жақын маңдағы полиция пунктіне хабарласып, көлікті табуға көмек беруін сұрайды.
«Бірақ табылмайды-ау деп іштей күдерімді үзген едім. Алайда Түркістан облысының қырағы, кәсіби шебер полицейлерінің шұғыл жұмысы барысында 4 сағат ішінде көлік, сөмкем, ақшам да табылды. Өте қуаныштымын. Тәртіп сақшыларына Алла разы болсын!» - деп шынайы алғысын білдірді.
Нақтырақ айта кетсек, Түркістан ҚПБ-ның полицейлері ақпарат алысымен тез арада әйелдің ірі көлемде ақша салынған сөмкесін тауып беруге кіріскен.
Тәртіп сақшылары қажетті деп танылған барлық шараларды іске асырған. Нәтижесінде жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары арқылы бірнеше сағат ішінде тұрғынның сөмкесі қалып кеткен көлік табылған. Яғни, полицейлер тез арада облыс орталығында орналасқан бейнебақылау камераларын жіті тексеріп, автокөлікті анықтап, тапқан.
Жоғалған сөмке, ішіндегі барлық ақшасымен заңды иесіне қайтарылған. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға бағалы заттарыңызға, сөмкелеріңіз бен ұялы телефондарыңызға барынша сақ болуға кеңес береді.