Ақтөбелік бойжеткенді шетелдік азамат тізгіндеген көлік қағып кетті
Зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізілді
Ақтөбеде Өзбекстан азаматы 19 жастағы бойжеткенді көлігімен қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
28 қаңтар күні Lada Larqus автокөлігінің жүргізушісі Заречный ауылындағы көпір маңынан Орск – Хромтау жол айырығына қарай келе жатып жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жаяу жүргіншілер өткеліндегі күтпеген жол апатынан көлік рөлін күрт оңға бұрып қалған жүргізуші сол сәтте ZAZ Chance автокөлігімен соқтығысады. Қарсы бетте келе жатқан екінші көлікте Қарғалы ауданының тұрғыны болған.
Жол-көлік апатының нәтижесінде 19 жастағы бойжеткен Ақтөбе қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді.
Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.