ШұғылҚазақстанда тағы 716 адамнан коронавирус анықталды

Атырау мен Құлсарыда «іскер» келіншек жүздеген адамды алдап кеткен

26 жастағы бикеш оқу орталықтарын ашып, бір-екі айдан соң жауып отырған

Атырауда қосымша даярлық сабағын өткізетін орталықтар ашқан келіншек 100-ге жуық адамды алдап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ktk.kz сайтына сілтеме жасап.

Көршілес Оралдан келген 26 жастағы келіншек Атырау мен Құлсары қалаларында оқу орталықтарын ашып, оны бір-екі айдан асырмай жауып отырыпты. Ал ата-аналардан оқудың жылдық ақшасын жинайды екен. Енді не сабақ жоқ, не ақшасы қайтпай сан соққан жұрт прокуратураға келіп айқай шығарды. Өйткені, олар арыз жазылғанымен, істің жылжымай жатқанына наразы.

Ата-аналар өзін іскер әйел ретінде көрсеткен алаяқтың арбауына оп-оңай түскенін айтады. Баласынан ештеңе аямайтын аңғал жұрттың іші-бауырына кіріп, бас тарта алмастай жеңілдіктер ұсынып, бір жылдың ақысын алдын ала алып отырған. Ақыр аяғында тақырға отырып қалған көпшіліктің қолында қазір Аида Мақсұтованың жеке куәлігінің көшірмесі мен суреті ғана бар. Ал келінщектің өзі Жаңа жылдан бастап көзден ғайып болған.

«Ұшты-күйлі жоқ. Телефонының бәрі өшірулі. Жалғыз мен емес, Атырау бойынша көп ата-ананы алдаған. Құлсарыда қаншама ата-ана алданды деп жатыр. 2017, 2018 жылардан бері алдап жүрген. Былтыр менің көршілерім де алданған екен. Мен  жеті айға 140 мың теңге төлеген едім, балам тек 1,5 ай оқыды. Маған 115 мың  қайтарамын деген, бірақ енді ақша да жоқ, Аида да жоқ», - дейді Атырау қаласының тұрғыны Еркін Камалов.

«Сабақ оқытудан бөлек, тамақтандыру, мекктептен алып кету, одан үйге жеткізу, бәрі соның ішіне кіреді деген соң бірден келісе кеттік. Бірнеше күннен кейін Аида телефон соғып, 190 мың теңгені бірден төлесеңіз, жыл бойына жеңілдік жасаймын деген соң, сұраған ақысын бердім. Бірақ балам тек  бір ай ғана барды», - дейді тағы бір тұрғын Ирина Константинова.

Наразы жұрттың айтқанына сенбеске шара жоқ, өйткені оның «Миледи», «Аврора», «Білім академиясы», «Үміт», «Ля мажор», «Айшабибі», «Әлихан» деген  оқу орталықтарының тізімі осылай жалғаса береді. Ақыр аяғында тек Атырау қаласының өзінде 200-ге тарта ата-ана сан соғып қалған және олардың басым бөлігі әлі күнге полицияға арыз да жазбаған. Үш жылдан бері осылай елді шулатқан әйелге қатысты қылмыстық іс бес күн бұрын ғана қозғалыпты.

«Бүгінгі таңда 17 адамның арызы бойынша алаяқтық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір іс тергеу сатысында. Бұл қылмыстық істі жеке өзім бақылауға алдым, тергелу нәтижесі туралы қосымша хабарланатын болады», - деді Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллин.

Тұрғындар күдіктінің есепшотына 160 мыңнан 1 млн теңгеге дейін алдын ала ақша аударып тастаған. Қитұрқы жоспар құрған бикеш кейбір ата-аналарды жаңа орталық ашуға инвестор болуға көндіріпті.

Осылайша жұрттың балама деп жырымдап жүріп жиған ақшасын жымқырған келіншек бір күнде ұшты-күйлі жоқ болған. Енді тек ата-аналар ғана емес, жалақысын даулаған  педагогтар мен ғимаратын жалға берген адамдар да құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып жүр.