Жаңақорғандағы жемқорлық: аурухана есепшілері 14 миллион теңгені жымқырған
Кінәлі тұлғалар 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесілді
Қызылорда облысындағы аудандық аурухананың есепшілері 14 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім еткендей, Жаңақорған аудандық ауруханасының бірнеше қызметкері өздерінің қызмет бабын пайдалана отырып, 2015-2019 жылдар аралығында өзара келісімге келу арқылы іс-сапар шығындарын ресімдеп, ірі мөлшерде қаражат жымқырған. Яғни, шын мәнінде іссапарға бармаса да, құжат жасап, өз есеп шотына іссапар шығындары ретінде түсетін ақшаны аударуға және қолма-қол шешіп беруге келісім беретін аурухана қызметкерін тауып, банкомат картасына аударып, шешіп алу арқылы ірі мөлшерде мемлекет қаржысын иемденіп алуды жүзеге асырған.
«Тергеу барысында аудиторлық тексерулер, бірнеше комиссиялық сарапшылар қорытындысын негізге ала отырып, сот-бухгалтерлік сараптамасы тағайындалған. Соның нәтижесінде «Жаңақорған ауданаралық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына 14 миллион теңгеден астам залал келтірілгені анықталды», - деп мәлімдеді.
Сот аудандық ауруханада әр жылдарды қызмет атқарған М. Сатыбалдиева мен З. Шомантаеваны кінәлі деп танып, есепшілік және материалдық жауапкершілігі жүктелетін қызметтер атқару құқығынан 2 жыл мерзімге айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үшінші тұлға М. Бурисбаев 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алды.