Павлодарда учаскелік полицей өртеніп жатқан үйден әйел адамды құтқарды
Әйел от ортасында ес-түссіз жатқан жерінен табылды
Полиция ауыл тұрғындарына көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 31 мамырда сағат 23:00-де ауыл тұрғыны Новоямышево ауылының учаскелік инспекторы Руслан Мусадиловтың ұялы телефонына қоңырау шалып, көршісінің үйі жанып жатқанын хабарлаған.
Учаскелік полиция қызметкері оқиға орнына келіп, өрттің шатырға, есіктер мен терезелерге ұласқанын көрген. Полицей ауыл тұрғындарымен бірге жағдайды бағалап, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын эвакуациялауға көмектесті.
– Біз үйге кіріп, 58 жастағы үй иесін іздей бастадық. Айналада бәрі жанып жатты, түтіннің арасынан ештеңе көрінбеді. Осы уақытта көрші бөлмеде газ баллоны жарылды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Басқа бөлмеде ес-түссіз жатқан әйелді көрдім. Біз оны сыртқа шығардық. Алғашқы медициналық көмек көрсете бастап, жасанды тыныс алдырдым. Осыдан кейін әйел адам есін жинай бастады, - дейді Руслан Мусадилов.
Жедел жәрдем келгеннен кейін әйел медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Көп ұзамай өрт сөндірушілер де келіп жеткен.
– Учаскелік инспектордың әрекеті - Отанға адал және жанқиярлық қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның батыл әрекеттерінің арқасында көршіміз аман қалды, - дейді ауыл тұрғындары.
Руслан өзін батыр деп санамайды және оның орнында кез келген полиция қызметкері осылай әрекет ететіндігіне сенімді және ауылдастарына көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреді.
– Ең бастысы, әйел адамды құтқару деген ой ғана болды. Ол кезде мен өзім туралы мүлдем ойламадым. Бірақ Максим Грошман, Данил Корнеев және Мадияр Акимжановтың көмегінсіз мен ештеңе жасай алмас едім, - деді полиция лейтенанты.
Полиция басшылығы зардап шегушіні құтқаруға көмек көрсеткен ауыл тұрғындарын ынталандыру туралы ұсыныс дайындап жатыр.