$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО-да скутер жүргізушісі қаза тапты

Жыл басынан өңірде скутерлер жүргізушілерінің қатысуымен 3 жол-көлік оқиғасы тіркелді

СҚО-да скутер жүргізушісі қаза тапты

Солтүстік Қазақстанда скутер жүргізушісі қаза тапты. Жол-көлік оқиғасы «Челябі-Новосібір» автожолының 498-ші шақырымында Мамлют ауданының Покровка ауылы маңында болған. 29 сәуірге қараған түні РФ 50 жастағы азаматының басқаруындағы «Mitsubishi Canter» рефрижераторы бір бағытта келе жатқан «Honda» скутерімен соғылған. Скутер жүргізушісі – аудан орталығы Мамлютканың 38 жастағы тұрғыны алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Адам өлімімен аяқталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Сондай-ақ, скутерлердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары Тайынша ауданында және облыс орталығында да болды. Зардап шегушілердің қатарында скутер жүргізушілері де, жолаушылары да бар. Жыл басынан СҚО жолдарында скутерлер жүргізушілерінің қатысуымен 3 жол-көлік оқиғасы тіркелді.

«Көктемгі-жазғы маусым келісімен профилактикалық жұмысты күшейттік. Жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мотошлем және жарықтандырғыш құралдарын пайдалану, жылдамдықты асырмау, жол жүрісі қағидаларын білмейтін, он алтыға толмаған тұлғалардың көлік басқаруына жол бермеу сияқты басты ескертулерді еске саламыз. Сондай-ақ, 14 жасқа толмаған велосипедшілер, мопед, скутерлердің жүргізушілері жолдың оң жағымен жүріп, жол жүрісінің басқа қатысушыларына кедергі жасамауы тиіс. Маневр жасар алдында қауіпсіз екеніне көз жеткізу керек. Скутер міну үшін жол жүрісі қағидаларын білуден емтихан тапсыру талап етілмесе де, оларды толық сақтау қажет. Өйткені, жол қозғалысына қатысушылардың денсаулығы мен өмірін аман алып қалу маңызды», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов.

Серіктес жаңалықтары