Қазақстаннан екі айда 670 мың долларды заңсыз әкетпек болғандар анықталды

Azattyq Rýhy

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің бапсасөз қызметі хабарлады

Қазақстаннан екі айда 670 мың долларды заңсыз әкетпек болғандар анықталды
Фото: infosmi.net

Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың наурыз-сәуір айларында кедендік шекара арқылы жалпы сомасы 671 000 АҚШ долларына тең келетін қолма-қол ақша қаражатын заңсыз өткізудің 40 фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, кінәлілердің бәрі ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің» 551 және 545-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Оның ішінде, шетелдік валютаны сыртқа алып кетуге тыйым салу күшіне енген соң, кедендік шекара арқылы жалпы сомасы 280 000 АҚШ долларын құрайтын қолма-қол ақшаны кедендік шекара арқылы алып кетпек болған 21 факт анықталған», - делінген комитет хабарламасында.

Барлық жағдай Нұр-Сұлтан (6 факт) және Алматы (15 факт) қалаларының халықаралық әуежайларында орналасқан кеден бекеттерінде тіркелді.   

«Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 Жарлығымен Қазақстан Республикасынан:

- 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын және әкету күніне белгіленген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағамы бойынша есептелген сомадағы қолма-қол шетел валютасы және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын;

- Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын 5, 10, 20, 50 және 100 грамм аффинирленген алтын құймаларын және «ALTYN BARYS» алтынынан және «KÚMIS BARYS» күмісінен жасалған инвестициялық монеталарды, сондай-ақ 100 грамнан астам аффинирленген алтынды әкетуге тыйым салынғанын еске саламыз», - деп атап өтті МКК-де.

Мемлекеттік кірістер комитетінде шетелге шығуды жоспарлаған азаматтарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтау қажет екенін еске салды.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.