ШұғылҮржар ауданында күдікті полиция бөлімінде қайтыс болды

Ақтөбеде көршісін құтқармақ болып өзі өрт ішінде қалған жігіт елордаға жеткізілді

Артем 82 жастағы көршісін гараждағы өрттен құтқарып қалған

Ақтөбе облысында зейнеткерді өрттен құтқармақ болғанда өзі де өрт ішінде қалып, денесінің 60 пайызын күйік шалған Артем Головня Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбелік тұрғын елордаға ҚР ІІМ ТЖК «Қазавиақұтқару» ұшағының көмегімен жөнелтілді. Оны Нұр-Сұлтан қаласына жеткізу туралы тапсырманы ҚР Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаевтың өзі берген.

Полиция департаменті, Денсаулық сақтау басқармасы және еріктілер Артем Головняны елордалық клиникаға жіберуді қамтамасыз етуге қатысты барлық қажетті шараларды қолға алды.

Еске сала кетсек, Артем өткен жылдың жазында 82 жастағы көршісін гараждағы өрттен құтқарып қалған. Алайда 25 жастағы жігіттің өзі де өрт ішінде қалып, денесінің 60 пайыздан астамын күйік шалған еді. Дәрігерлер жігітті өлім аузынан арашалап қалғанымен, ол сегіз айдан бері аурухана төсегіне таңылып жатқан. Күйіктен пайда болған жараларынан қан аға берген жігіт қатты ауырсынудан зардап шегіп келген.

Әуежайға аттанар алдында Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов Артеммен кездесіп, оның тез арада сауығып кетуін тіледі. Сондай-ақ, ол Артемның анасына материалдық көмек көрсетіліп, Артем Головняға да оңалту кезінде қаржылай көмек берілетінін жеткізді.